«Детектив әлемі: заң, әділдік, жауапкершілік»
08.11.2026
8 қараша күні Л. Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын және «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасын іске асыру аясында «Қазына» оқырмандар клубының «Жұлдызды қонақ» айдары шеңберінде «Детектив әлемі: заң, әділдік, жауапкершілік» атты әдеби-құқықтық кездесу өтті.
Кездесудің құрметті қонағы Қостанай облысы прокуратурасы аппаратының бас маманы Успанова Мадина Қаскенқызы болды. Іс-шараға сондай-ақ «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасының «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағытының менеджері Байзирова Гүлжан Әубәкірқызы қатысты. Кездесуді «Кітап оқитын отбасы» бағытының менеджері, «Қазына» оқырмандар клубының жетекшісі Дүйсембаева Ботагөз Әділбекқызы жүргізді.
Әдеби кездесудің негізгі тақырыбы Кемел Тоқаевтың «Ұядан безген құс» романы болды. Шығарма желісі арқылы қатысушылар қылмыс пен жаза, әділдік пен ар-ождан, жеке жауапкершілік және заңды құрметтеу мәселелерін талқылады.
Оқырмандар кейіпкерлердің іс-әрекеттеріне құқықтық және адамгершілік тұрғыдан баға беріп, прокуратура өкілімен ашық пікір алмасты. Жеке тұлғаның дүниетанымын қалыптастырудағы көркем әдебиеттің рөліне, кітап оқу мәдениетін дамытуға және оның мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметіндегі маңызына ерекше назар аударылды. Кездесу өзара тығыз байланысты үш бағытты: «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын, «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын отбасы» жобаларын біріктірді. Олардың ортақ мақсаты кітап оқу мәдениетін, құқықтық сана мен жеке жауапкершілікті дамыту болды.
Іс-шара көркем әдебиеттің рухани байытудың қайнар көзі ғана емес, сонымен қатар құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың маңызды құралы екенін көрсетті.