63.3(5Қаз)4
Ұ 46
Ұлы тарих және Ұлы әулиелер [Мәтін] : еңбектер жинағы :
жинақтағы негізгі еңбек Ақтан сопы Құтбтың , хижра жыл санағы
бойынша 1142 (м. 1730) жылы жарық көрген «Біздің тарих» атты
кітабы. – Алматы : Abai baspasy, 2022. – 455 б.
Бұл кітап бірнеше еңбектердің жиынтығынан құралды. Ол еңбектердің алғашқысы әрі көлемдісі хижра жыл санағы бойынша 1142 (м.1730) жылы, шарапатты Рамазан айының қасиетті Қадір түнінде, Ақтан сопы Құтб тарапынан шағатай (көне қазақ) тілінде жазып аяқталған «Біздің тарих» деп аталатын кітабы. Сөйтіп, бұл еңбекте сан ғасырлардан бері Ұлы далада өмір сүріп, тіршілік еткен түркі халықтарының, олардың қатарында кейіннен «қазақ» деп аталған халықты құраған ру-тайпалардың шығу тегі, дамуы, тіршілігі, тарихы, өмірлік салт-дәстүрлері, мекендеген ата қоныстары, олардың бір-бірімен қарым-қатынастары, қол жеткізген ұлы жетістіктері туралы тың деректер келтірілген. Сондай-ақ мұнда ежелгі заманнан бері Ұлы далада өсіп-өнген, көптеген даңқты перзенттері мен ұлы билеушілерінің шыққан тегі және олардың атажұрттары туралы нақты да дәлелді деректер келтіріліп, олардың адамзат тарихына тегеурінді ықпал жасап, оның өркениетіне өшпес із қалдырғаны баяндалған. Осынау ұлық тұлғалардың ішінде Шыңғыз ханның алатын орны ерекше екені белгілі. XIII ғасырда әлем билеушісі атанған Шыңғыз хан Еуразия кеңістігінде алып Империя құрып, зор билік жүргізгені белгілі. Осыған орай бұл жинақта Академик Ғарифолла Есімнің «Шыңғыз хан туралы тосын пікір» атты мақаласы келтірілді. Сонымен қатар Ақтан сопы Құтбтың «Біздің тарих» кітабында дулат руынан шыққан Ұлы ғұлама әрі әулие Шымыр Алтыбармақ туралы тарихи деректер берілген. Соған байланысты дулат руына қатысты бірқатар мәліметтер және осы рудан шыққан Бекасыл әулие туралы Мәшһүр Жүсіп жазып қалдырған естеліктер де ұсынылды.