Белгілі журналист, сыншы-жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2021), Қазақстан Журналистер академиясының академигі (2019), Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (2019), Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалының төрағасы (2019) Жамбыл облысы Талас ауданының Кеңес кеңшарында туған.
1977 жылы Алматыдағы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін, 1984 жылы Алматы Жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітірген.
1977–1988 жылдары Қостанай облыстық телевизия және радио комитетінде қатардағы редактор болып жұмыс істеді. Одан соң жастар редакциясының меңгерушісі, аға редактор, облыстық радионың бас редакторының орынбасары, 1987–1991 жылдары Қостанай облыстық партия комитетінің баспасөз жөніндегі нұсқаушысы, 1991–1995 жылдары Қазақ радиосы мен Қазақ теледидарының «Қазақстан» және «Хабар» агенттігінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі, 1995–1998 жылдары Қостанай облыстық телерадиокомпаниясы төрағасының орынбасары, осы компания құрылымындағы «Заман» телеарнасының директоры қызметтерін атқарды. 1998 жылдан 2014 жылдың наурызына дейін «Қазақстан» телерадиокорпорациясы АҚ Қостанай облыстық филиалы директорының орынбасары – бас редакторы, 2014–2022 жылдары «Қостанай таңы» газетінің директоры – бас редакторы болып қызмет істеді.
Қазақ редакциясының жұмысын барынша жандандырып, баспасөз беттерінде өзекті мәселелерді қозғап, мемлекеттік тіліміздің өркендеуіне қомақты үлес қосты.
Қазіргі кезде зейнеткерлік демалыста, қоғамдық жұмыстармен айналысады.
Есімі елге танымал тұлға көркем әңгіме, фельетон жанрларына да қалам тербеген. Жанұзақ Аязбеков – «Ағайынның арасы» (2014), «Кие мен ие» (2015), «Тіршіліктің сауалы» (2019), «Ел сөзі» (2020), «Бальзак неге жылады?» (2021) секілді кітаптарының авторы.
Жазушының жазу стилі заманауи. Қысқа да нұсқа. Оқуға жеңіл. Бірақ әр туындының астарлы ойы, айтары бар.
Жанұзақ Аязбековтың журналистік шығармашылық, кәсіби шеберлік тұрғысында қол жеткізген табыстары аз емес. 2001 жылы Мәскеуде өткен IV Еуразиялық телевизиялық форумына «Қазақ тұлпары» авторлық бағдарламасымен қатысқан. 2002 жылы «Қазақстан» РТРК телебайқауында «Апта» ақпаратты сараптау бағдарламасымен республикада 1-ші орынға ие болған. 2015 жылы Г. Толмачев атындағы республикалық журналистер байқауында «Қазақстанның облыстық газетінің ең үздік бас редакторы» жүлдесін жеңіп алды.
Ж. Аязбековтың журналистикадағы еңбегі көптеген марапаттармен атап өтілген. «Құрмет» орденінің (2021) иегері. «Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы» (2002), «Қазақ журналистикасының қайраткері» (2017), «Бейімбет Майлин» (2019), «Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы» (2022) медальдарымен марапатталған. Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің (2000) және Қазақстан Журналистер одағының грамотасымен марапатталған. «Алтын жаршы» (2008), «Казақстанның құрметті журналисі» (2009), «Ақпарат саласының үздігі» (2019), «Қазақ телевизиясына 65 жыл» (2023) төсбелгілерінің иесі. «Қазақстанның Құрметті журналисі» құрмет белгісінің (2009), Мұхаметжан Сералин атындағы сыйлықтың (2014) иегері.