1928 жылы 17 сәуірде Қостанай облысының Сарыкөл ауданындағы Соналы ауылында туған. Орта мектептің 8 сыныбын бітірген.
1942 жылы алғашында Әулиекөлдегі аудандық газет баспаханасында әріп теруші. 1994 жылы «Абай: ақындық тағылымы» («Ғылым») атты монографиясы жарық көрді. 1995 жылы «Абай поэзиясындағы өмір шындығын бейнелеудің реалистік принциптері» деген проблема бойынша докторлық диссертация қорғады. Абайдың шығармашылық мұрасын бастыру және зерттеу жөніндегі жұмыстары үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды. 1996 жылы Қазақстан Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі болып сайланды. Кейінгі кезде М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында Абайтану бөлімінің меңгерушісі болып істейді.
1991–1996 жылдары қоғамдық негізде Жазушылар одағы басқармасының жанындағы Көркем аударма қауымдастығы президентінің міндетін атқарды.
Ұзақ жылдар бойы баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларының біразы «Маржан мен махаббат» (1965), «Адам мейірі» (1968) атты жинақтарына енгізілді. 2008 жылы «Өнер» баспасынан «Абай: даналық дәрістері» атты ғылыми-публицистикалық монографиясы жарық көрген.
Бальзактың «Үзілген үміттер», «Жергілікті дәрігер», «Шегрен былғары», Стендальдың «Қызыл мен қара», Ю.Бондаревтің «Жағалау» және «Таңдау», В.Анчишкиннің «Арктика аңызы», П.Коэльоның «Заһир», В.Вересаевтың «Тығырықта» романы мен «Өмірге беталыс» повесін, В.Дальдің «Бекей мен Мәулене», Э.Казакевичтің «Көк дәптер» атты шығармаларын қазақ тіліне аударған.
«Халықтар достығы», «Құрмет» (2005) ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор.