1945 жылы 9 мамырда Қостанай облысы, Арқалық ауданындағы Қайыңды ауылында туған. 1968 жылға дейін Аманкелді, Арқалық аудандарында жүргізуші болып еңбек еткен. 1972 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген.
Жазушылар одағында көркем әдебиетті насихаттау бюросының нұсқаушысы. Аманкелді ауданының Құрметті азаматы (1995).
Алғашқы өлеңдері 1975 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Көктем тынысы» атты жинаққа енген. Татар ақыны М.Хұсайыновтың «Сүйемін сені», монғол ақыны Ж.Дашдондогтың «Күншуақ» атты өлең кітаптарын аударған. Сондай-ақ Т.Шевченко, Тоқтағұл, М.Исаковский, Б.Слуцкий, В.Кулемин, Я.Козловский, О.Фокина, М.Познанская, т.б. ақындардың өлеңдерін аударуға қатысты. Өлең-жырлары орыс, татар, қырғыз, ұйғыр тілдеріне аударылды. Бірнеше дүркін республикалық, аймақтық жыр мүшәйраларының жүлдегері.
Шығармалары: Ғашық жүрек. Өлеңдер. А., «Жалын», 1977; Тәкаппар таулар. Өлеңдер мен поэма. А., «Жалын», 1979; Маржан тұма. Өлеңдер. А., «Жалын», 1982, Шыршалы шың. Өлеңдер мен поэма. А., «Жазушы», 1982; Жол айырығы. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1985; Найзағай жарқылы. Өлеңдер. А., «Жалын», 1986; Бұлттар таудан тарайды. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1989; Бұлттағы бұлақ. Таңдамалы өлеңдер. А., «Жазушы», 1992; Той төбе. Өлеңдер мен поэма. А., «Жазушы», 1996; Бес тас. Өлеңдер. А., «Балауса», 1993; Разбег. Стихи. А., «Жалын», 1986; Горная высь. Стихи. А., «Жалын», 1988; Жүрегім жұлдыздар ұясы. Аст., «Фолиант», 2004; «Тәңір құсым». «Мектеп», 2005; «Күн – ілгері». «Мектеп», 2009.