Қостанай обл. Ленин ауд. (қазіргі Ұзынкөл ауд.) Ново-Покровка ауылында дүниеге келген. Орал мұғалімдер институтын және аэроклубты (1940 ж.) бір мезгілде аяқтап шықты. 1940 ж. тамызында Орынбор авиация училищесіне түсіп, оны бітіргеннен кейін 1942 ж. тамызында майданға жіберілді. Кеңестік Белоруссия мен Кенигсбергті азат етуге елеулі үлес қосып, Сталинградтық 75 гвардиялық авиациялық атқыштар полкінің құрамында соғысты. Соғыста көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Леонид Игнатьевичке КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 ж. 26 қазандағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді және 1945 ж. 29 маусымында ол бұл атаққа екінші мәрте ие болды. Соғыстан кейін Әскери-әуе академиясын (1950 ж.) және Басштаб академиясын (1957 ж.) бітірді.
Қызыл Ту орденімен, Ленин, Александар Невский, І дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен марапатталған. 1976 ж. 26 желтоқсанында қызметтік міндетін атқару барысында апатқа ұшырады. Қостанайдың және Гродненский облысының Лида қаласының көшелеріне, Минск қаласындағы даңғылға, Харьков қаласындағы мектепке батырдың есімі берілген.