26 желтоқсанда Л. Н. Толстой ат. ОӘҒК әдеби қонақжайында «Ақ қауырсын» әдеби-поэтикалық клубы мүшелерінің арасында өткізілген «Қазақ поэзиясының философы» әдеби байқауының қорытындысы шығарылды. Байқау қазақтың атақты ақыны, ойшылы, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына арналды. Байқаудың қазылар алқасының құрамына қостанайлық танымал әдебиетшілер – ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жолбарыс Қажы Баязид, «Қостанай таңы» газетінің журналисі Жандос Жүсіпбек және ақын, тележүргізуші Абылай Мауданов енді.
Байқаудың қорытындысы бойынша Дәулет Жадырасын – 1 орын, Қарлығаш Сұлтан – 2 орын, Гүлдана Бұқарбаева – 3 орын үздік үштіктің қатарынан көрінді. Қазылар алқасының төрағасы Абылай Мауданов жеңімпаздарды марапаттау барысында өзінің Шәкәрімнің шығармашылығына және байқауға қатысушылардың өлеңдеріне таңданысын білдірді. Басқа қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды.
Шара байқауға қатысушылардың шығармаларын оқумен аяқталды.