Құрметті оқырмандар! Сирек кітаптар мұражайы орыстың жазушы-сықақшысы М. Е. Салтыков-Щедриннің 195 жылдығына арналған «Сықағымен бағындырған барша жанды» атты безендірілмелі кітап көрмесін дайындады. Салтыков-Щедриннің сатирик жазушы ретіндегі жарқын ерекшелігі, ең алдымен, оның әзілінің құдіретінде, гиперболаны, гротескті, фантастиканы қолдану өнерінде және оқиғаны астарлап жеткізу шеберлігінде жатыр.
Көрмеге Салтыков-Щедриннің келесідей сирек басылымдары: 1911 жылы шыққан 12 томдық шығармалардың толық жинағының 4-ші томы, ішінде «Господа Головлевы», «Помпадуры и помпадурши», «Губернские очерки», «История одного города» секілді атақты шығармалары бар 1905 жылы шыққан 12 томдық шығармалардың толық жинағының 1,2,3-ші томдары, және т.б. қойылған.
Оқырмандар назарына сондай-ақ автордың өмірі мен шығармашылығы туралы кітаптар, мақалалар ұсынылған. Ай сайын шығатын «Вестник знаний» әдеби-көркем және ғылыми-көпшілік журналдың 1909 жылғы №4 санында жарияланған Н. В. Горкиннің «Сатирик русской общественности» атты мақаласы ерекше қызығушылық тудырады.
Орыс классикалық әдебиетінің барлық әуесқойлары мен бағалаушыларын кітапхананың екінші қабатының фойесінде орналасқан көрме материалдарымен танысуға шақырамыз.