«Тамырымда қанға айналған Желқуар»
17.06.2026
17 шілде күні Л. Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Әдеби десант» жобасы аясында Жітіқара қаласында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, драматург, аудармашы Ақылбек Қожаұлы Шаяхметтің 75 жылдық мерейтойына арналған «Тамырымда қанға айналған Желқуар» атты шығармашылық кездесу өтті.
Іс-шараны Жітіқара аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырды. Кездесуге зиялы қауым өкілдері, мәдениет және білім саласының қызметкерлері, жастар, оқырмандар мен әдебиет сүйер қауым қатысты.
Қатысушыларды Жітіқара ауданының әкімі Аслан Амантайұлы Жаныспаев құттықтап, мерейтой иесінің қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті. Кездесу барысында қонақтар жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты деректермен танысып, ашық пікір алмасты, оның әдеби мұрасы туралы ой бөлісті.
Кештің көркін қаламгер шығармаларының желісі бойынша дайындалған театрландырылған қойылым, оның өмірі мен шығармашылық жолына арналған бейнеролик және әдеби-музыкалық бағдарлама аша түсті. Іс-шара барысында Ақылбек Шаяхметтің өлеңдеріне жазылған әндер орындалды.
Іс-шара аясында жазушының өмірі мен шығармашылығын танытатын «Туған жердің тарланы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Шығармашылық кездесу ауданның мәдени өміріндегі жарқын оқиғалардың біріне айналып, Ақылбек Шаяхметтің әдеби мұрасын кеңінен насихаттауға ықпал етті және қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.