Суретші Георгий Соковты еске алу кеші
24.07.2026
24 шілдеде Л. Н. Толстой атындағы Қостанай ОӘҒК-нда суретші Георгий Михайлович Соковты еске алу кеші өтті. Георгий Михайлович – өз ісінің хас шебері, жаны кең, күнделікті өмірдің өзінен сұлулықты көре білетін, уақыт тынысын сезініп, оны өз туындылары арқылы шебер жеткізе алған дарынды суретші еді. Оның шығармашылығы Қостанай өңірінің мәдени тарихының ажырамас бір бөлігіне айналды.
Бұл кеште кітапхана төріне суретшілер, әріптестері, достары, шәкірттері және Георгий Михайловичтің өнерін қадірлейтін жандар жиналды. Олар оның өмірі мен шығармашылығына қатысты жүрекжарды естеліктерімен бөлісіп, бірге өткізген шығармашылық жолдан сыр шертті, тұлғасы мен өнері туралы әсерлі ой-пікірлерін ортаға салды. Шынайы естеліктер арқылы қатысушылар Георгий Соковты тек көрнекті суретші ретінде ғана емес, көптеген адамның жүрегінде ізгі із қалдырған азамат ретінде де таныды.
Георгий Соковтың шығармашылық өмірінде Л. Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының орны ерекше болды. Осы кітапханада ұзақ жылдар бойы оның жеке көрмелері, шығармашылық кештері, тұсаукесерлері және оқырмандармен кездесулері ұйымдастырылып келді.
Еске алу кеші дарынды суретшінің жарқын бейнесіне тағзым етіп қана қоймай, оның бай шығармашылық мұрасымен қайта қауышуға, туындылары әлі күнге дейін шабыт сыйлап келе жатқан өнер иесін еске алуға мүмкіндік берді. Георгий Соковтың есімі әріптестерінің, достарының және өнерсүйер қауымның жүрегінде мәңгі сақталады.