18 қарашада «Л. Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы» КММ-нде Қостанай облысының құрылғанына 90 жыл толуына арналған «Сырлы сөз бен сазды әуен» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Іс-шара туған өлкенің мәдени мұрасын насихаттауға, жас ұрпақты поэзия мен музыкалық өнерге баулуға, туған жерге деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін тәрбиелеуге бағытталды.
Кеш барысында Қостанай өңірінің көркем табиғатын, бай тарихы мен рухани құндылықтарын бейнелейтін поэзиялық шығармалар оқылып, әндер шырқалды. «Мирас» мәдениет сарайының жас орындаушылары мен «Жұлдыз» домбыра студиясының жас таланттары өз өнерлерін ортаға салды. Мәнерлеп өлең оқу, вокалдық және аспаптық өнер көрсетілімдері бір-бірімен үйлесім тауып, поэзия мен музыка өнерінің үндестігін айшықтайтын ерекше атмосфера қалыптастырды.
Әдеби-сазды кеш жас орындаушылар мен өнерсүйер қауымды біріктірген жарқын мәдени оқиғаға айналды. Кездесу мәдени дәстүрлерді сақтауға, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтуға, сондай-ақ Қостанай облысының тарихы мен жетістіктеріне деген қызығушылықты арттыруға ықпал етті.