23 қарашада Л. Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Жастар сарайында» белгілі журналист және әдебиетші Жанұзақ Аязбекұлының «Көңіл көзі» кітабының тұсаукесерін өткізді.
Кездесу шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің, әріптестерінің, Жанұзақ Аязбекұлының туыстары мен жақындарының басын қосты. Сондай-ақ іс-шараға журналистің шығармашылық мұрасы мен кәсіби жұмысын таныстырған кітап көрмесі дайындалды.
Қатысушылардың алдында Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының басшысы Атамұратов Құралбек Бүркітбайұлы құттықтау сөз сөйледі.
Жазушылар Шаяхмет Ақылбек Қожаұлы мен Оспанов Серікбай Оспанұлы, Қазақстан Республикасының құрметті журналистері Харченко Сергей Васильевич пен Бехмұхамбетова Гүлжібек Баекенқызы оның адами қасиеттері, кәсіби көзқарасы, шығармашылық даралығы мен журналистік мектебі туралы айтып берді.
Облыстық «Қостанай таңы» газеті бас редакторының орынбасары Қанғожин Аслан Жақсылықұлы Жанұзақ Аязбекұлының кәсіби жолы туралы естеліктерімен бөлісті.
Автордың туғандары – әпкесі Аязбекова Бибіғайша Аязбекқызы мен қызы Насырова Әсел Жанұзаққызының сөздері ерекше әсерлі болды.
«Көңілден кетпес бір бейне» іс-шарасы жай ғана еске алу кездесуі емес, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтауға, Жанұзақ Аязбекұлының әдеби шығармашылығын насихаттауға және жас ұрпақты оның бай өмірлік және кәсіби тәжірибесімен таныстыруға бағытталған маңызды оқиға болды.