20 қазанда белгілі журналист, публицист, тарих ғылымдарының докторы, профессор, жерлесіміз Сағымбай Қабашұлы Қозыбаевтың «Звезды в небе» кітабының тұсаукесері болды. Кездесудің өтуіне кітап авторының қарындасы Сәулеш Қабашқызы мұрындық болды. Сәулеш Қабашқызы Қозыбаевтар әулетіне қысқаша тоқталып өтіп, тұсауы кесілгелі тұрған кітаптың тарихы мен ағасы Сағымбай туралы айтып берді.
Тұсаукесерге қатысқан Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Қойшығара Оспан, тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембайұлы, аймақтық «Костанайские новости» газетінің бас редакторы Сергей Харченко, облыстық «Қостанай таңы» газеті редакторның орынбасары Сәлім Меңдібай, «Біздің Қостанай» газетінің редакторы Оразалы Жақсанов, белгілі журналист Гүлжібек Бекмұхамбетова, «Егемен Қазақстан» газетінің журналисі Назира Жарымбетова кітап пен оның авторы туралы, қандастарының қамын ойлаған Қозыбаевтар әулеті туралы өздерінің пікірлерін білдірісті.
Кітап авторының әкесі, Қазақстандағы ұжымдық шаруашылықты алғашқы ұйымдастырушылардың бірі болған Қозыбаев Қабаштың өміріне арналған деректі-публицистикалық очерк А.Байтұрсынов ат. ҚМУ журналистика факультетінің, ҚМПИ тарих кафедрасының студенттері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін де бейжай қалдырған жоқ.
Гүлжібек Бекмұхамбетованың «Қабаштың ұлы Манаш» деректі фильмінен көрсетілген үзінділер мен Сәулеш Қабашқызының жеке мұрағатынан, біздің кітапхананың қорларынан алынған кітаптар, мақалалар, фотосуреттер қойылған Қозыбаевтар әулеті туралы баяндайтын «Еңбегімен ел есінде қалған әулет - Яркий след в истории страны кітап көрмесі көпшіліктің көңілінен шықты.
Кездесуді қорытындылаған кітапхана директоры Гүлжамерия Казина Сәулеш Қабашқызына тұсаукесерді өткізуге бастамашы болғаны және шараға қатысқаны үшін алғысын білдірді.