Қазақстанда 2007 жылдан бері жыл сайын «Бір ел –
бір кітап» акциясы өткізіліп келеді. Акцияның міндеті – қазақ әдебиетін насихаттау, жұртшылықтың кітап оқуға
деген қызығушылығын арттыру. Биыл «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында жалпы оқу үшін
Дулат Бабатайұлының шығармалары таңдалды.
Дулат Бабатайұлы – өлеңдері баспаханадан жеке
кітап болып басылып шыққан алғашқы қазақ ақыны. Алғашқы «Өсиетнама» жинағы 1880
жылы Қазанда басылып шықты. Онда Дулаттың сегіз жүздей жолдан тұратын өлеңдері
жинақталған.
Дулат өз дәуірінің ең білімді адамдарының бірі болды, ол 19 ғасырдың орта
кезіндегі қазақ ақындарының ең таңдаулы өкілдерінің ортасынан орын алады.
28 наурыз күні Әмбебап оқу залы Дулат
Бабатайұлының шығармашылығына арналған «Елдіктің жыршысы, еркіндіктің жоқшысы»
әдеби кешін өткізді.
Ақын, Жамбыл ат. халықаралық сыйлықтың лауреаты, ҚМПИ
профессоры Серікбай Оспанов Дулат Бабатайұлының өміріндегі көпшілік біле
бермейтін жайттар туралы айтып берді. А.Байтұрсынов
ат. ҚМУ оқытушысы Төлегенова Шынар Исламбекқызы, ҚМПИ қазақ тілі кафедрасының
аға оқытушысы Сейсенбай Гүлмира Амангелдіқызы, №19 орта мектептің қазақ тілі
пәнінің мұғалімі Меңдібаева Шынар Жаманшалиева баяндама жасады. ҚМПИ 2 курс
студенті Әлиакпарова Алмагүл Дулат Бабатайұлының шығармалары бойынша қызықты
шолу жасады, С.Мәуленов ат. гимназияның 10 сынып оқушысы Ш. Шалтенова ақынның
шығармашылығы туралы айтып берді. Кеш барысында ҚМПИ мен ҚМУ студенттері
ақынның шығармаларын оқыды. Кеш барысында
көрсетілімдер қойылып, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар
қойылған кітап көрмесі безендірілді. |